Орталық сайлау комиссиясы бірқатар өңірлік сайлау комиссияларының мүшелерін тағайындады
АСТАНА. ҚазАқапарат - Орталық сайлау комиссиясы бірқатар өңірлік сайлау комиссияларының мүшелерін тағайындады. Бұл туралы бүгін ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.
«Ортсайлауком Сайлау туралы заңның 19-бабы 8-тармағына сәйкес сайлау заңнамасында белгіленген тәртіпте сайланғанға дейін шығып қалғандардың орнына Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының мүшесі етіп Г.К. Сүйеуованы және Астана қалалық сайлау комиссиясының мүшесі етіп Ш.Ж. Мырзабекованы тағайындады», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысып жатқан қазақстандық саяси партиялар 20 ақпан күні сайлауалды насихат жұмыстарын бастап кетті. Сайлау додасына «Нұр Отан», «Ауыл», ЖСДП, ҚХКП, «Бірлік» және «Ақжол» партиялары түсуде.