Орташа жылдамдық бақылауы тағы үш ақылы трассада енгізіледі – Көлік министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ақылы автожолдардағы орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кеңейтіліп, тағы үш бағытта іске қосылады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Баяхмет Мақсат мәлім етті.
Оның айтуынша, жолдағы жылдамдықты өлшеу технологиясы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
— Орташа жылдамдық ақылы автожол учаскелерінде енгізіледі, қазіргі таңда олардың жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымды құрайды. Негізгі бағыттар — Қарағанды – Алматы, Өскемен – Талдықорған және Қорғас – Алматы бағыттары. Осы учаскелерде жүйені енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Министрлік мәліметінше, орташа жылдамдықты бақылау енгізілген учаскелерде жол-көлік оқиғаларының саны 15 пайызға азайған.
Еске сала кетейік, бұған дейін биыл Қазақстанда 6 жаңа ақылы жол учаскесі енгізілуі мүмкін екенін жаздық.