Өртенген ғимарат ішінде қалғанда не істеу керек - ТЖК кеңесі

  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ТЖК Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Рүстем Ысқақов өрт шыққан нысанда адам өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өртенген ғимарат ішінде қалғанда не істеу керек - ТЖК кеңесі

«Ең бірінші кезекте халық көп баратын нысанда сондай жағдайға тап болған адам эвакуациялануға болатын шығу есігін анықтауға тырысуы керек. Өзім де, мәселен халық көп шоғырланған нысанға барсам, ең алдымен өрт сөндіруге болатын алғашқы құрамның (құрылғылардың - авт.) қайда тұрғанын және шығу есігі қайда орналасқанын, оның ашық немесе жабық тұрғанын біліп алуға тырысамын. Бұған ерекше назар аудару керек. Мәселен, кинотеатрға кірген кезде эвакуциялануға болатын есіктің қайда орналасқанын бірден білуге тырысыңыз», - деп ұқтырды Рүстем Ысқақов ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөнінде өткен брифинг барысында.

Ол өз сөзінде егер сондай төтенше жағдайға тап болсаңыз, сабыр сақтауға тырысып, нақты қай жерде тұрғаныңызды хабарлау керектігін айтты.

«Басыңызды еденге жақын ұстау керек. Себебі, өрттен көтерілген түтін жоғарыға көтеріліп, демалатын ауа еден деңгейінде сақталады. Мүмкіндік болса, аузыңызды суланған шүберекпен жауып, эвакуациялану жағына жақындағаныңыз жөн», - дейді ол.

Сонымен қатар, ІІМ ТЖК өкілі ондай жағдайда кез келген адам өзінің азаматтық жауапкершілігін сезінуі керектігін қадап айтты.

«Өрт сөндіру құрылғысын қалай қолдану керектігін білсеңіз, ең алдымен соны пайдаланып тілсіз жауды ауыздықтаған абзал. Ең бірінші кезекте, азаматтық жауапкершілікті сезініп, эвакуация жолын анықтауға тырысу керек», - деп түйді Рүстем Ысқақов.

Фото: checkmate.net.au