Өртеніп жатқан Баянауыл ұлттық паркі туралы не білеміз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Қазақстанда құрылған тұңғыш ұлттық парк. Ерекше қорғалатын жер ауқымы – 68,5 мың гектар.

Өртеніп жатқан Баянауыл ұлттық паркі туралы не білеміз
Фото: Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркі

Ұлттық парк 1985 жылы 12 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданында құрылған. Бірнеше орманшылықтан тұрады. Өзге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қарағанда мұнда табиғи ескерткіштер жиі кездеседі. Парк аумағында 24 археологиялық табиғи ескерткіш орналасқан – Кемпіртас, Қоңыр әулие үңгірі, Драверт үңгірі, тастағы көне жазулар, Саймантас, Көгершінтас, Атбасы тасы, Найзатас жартасы және т.б. Бұдан бөлек, тарихи орындар да молынан шоғырланған.

Аумақта негізінен төрт су айдыны - Торайғыр, Біржанкөл, Сабындыкөл және Жасыбай көлі орналасқан. Бұл көлдердің барлығының суы тұщы. Соның ішінде Жасыбай көлінің айналасы демалыс аймағына айналған.

Ұлттық парктің орманмен көмкерілген жерлерінің аумағы - шамамен 19076 гектар. Мұнда 552 өсімдік түрі бар. Оның бесеуі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Атап айтқанда, көктем жанаргүлі, ашық құндызшөп, қызғалдақ, қара қандыағаш, боз селеу. Мұнда сондай-ақ жануарлардың 45, құстардың 11, балықтардың 13 түрі кездеседі.

Баянауыл курорттық аймағында бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар. Таулы өлкеде 13 негізгі туристік маршрут және 68 көрнекі орын жұмыс істейді. Бұл маршруттарда демалушыларға барлық жағдай жасалған - арнайы демалатын орын, бақылау алаңдары жабдықталған. Жасыбай демалыс аймағына бір жазда шамамен 120 мың адам келеді.

Еске сала кетейік, Баянауылда ұлттық паркке қарасты жерлер өртеніп жатыр.

Бұған дейін әлемде Қоңыр әулиенің сегіз мекені бар екенін, соның бірі Баянауылда орналасқанын жазған болатынбыз. 

Ал 2023 жылы Қазақстан ғалымдары Баянауылда дәрілік шөптердің 100 түрі өсетінін анықтаған. 

Ұлттық паркте соңғы жылдары бұлан көбейе түскен. 

Мұнда табиғаттың ғылыми индикаторы, Қызыл кітапқа енген қандыағаш та өседі.

Соңғы жаңалықтар