Өрттен қаза тапқандардың жанұясына көмек беру үшін Қырғызстаннан Мәскеуге делегация барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның үкімет делегациясы өрттен қаза тапқан құрбандардың жанұясына көмек беру үшін Мәскеуге барады, деп хабарлады Бішкектегі митинг-реквием кезінде ел Премьер-Министрінің орынбасары Гүлмира Құдайбердиева.

Өрттен қаза тапқандардың жанұясына көмек беру үшін Қырғызстаннан Мәскеуге делегация барады

Еске сала кетейік, Мәскеу қаласы Алтуфьев тас жолындағы баспаханада болған өрт 17 адамның өмірін қиды. Алдын ала мәліметтер бойынша, шамдағы қысқа тұйықталу өрттің шығуына себеп болған. Тергеушілер өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы қылмыстық іс қозғады. 

Жексенбі күні Бішкек орталығында өртте қаза тапқан ел азаматтарына қатысты митинг-реквием өтті. Оған 70-ке жуық адам қатысты, арасында президент әкімшілігі мен республика үкіметі өкілдері де бар.

«Жақын арада өрттен қаза тапқан құрбандардың жанұясына көмек беру мәселесін шешу үшін Мәскеуге делегация ұшады», - деді Премьер-Министр орынбасары Гүлмира Құдайбердиева.

Оның айтуынша, «бұл қайғылы оқиғаны саясиландыруға жол бермеу керек». Ол құрбандардың денесін елге қайтару үшін үкімет барынша көмек көрсететінін атап өтті.