Өрттен зардап шеккен қостанайлықтар өтемақы таңдаса жаңа үйлер салына ма

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Өрттен зардап шеккендер үй емес, өтемақы алуды қаласа, онда олардың баспанасы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қостанай облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өрттен зардап шеккен қостанайлықтар өтемақы таңдаса жаңа үйлер салына ма

«Бұған дейін айтқанымыздай, Әулиекөл ауданында 91 үй салынады. Дегенмен кейбір азаматтар жаңа үйді емес, өтемақыны таңдауы мүмкін. Бірақ бұған байланысты салынатын үйлер санын қысқартпаймыз. Яғни, 91 баспана салына береді. Өрттен зардап шеккендер үй емес, өтемақы аламыз десе, онда олардың баспаналары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі», - деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек Берік Таңжарықов алапат өрттен зардап шеккендер жаңа үйлердің құрылысы аяқталғанға дейін қайда тұратынын айтты. Оның сөзінше, уақытша эвакуцияланған адамдар Әулиекөл ауданындағы жатақханаларға орналастырылады.

Үйі өртенген қостанайлықтарға 500 мың теңгеден алғашқы көмек берілетіні де мәлім етілді. Мұндай сомадағы қаражат 91 отбасыға ұсынылады.

Сондай-ақ облыста болған алапат өрттен болған мал мен құс шығыны анықталды.