Өрттерде екі ер адам мен 9 жастағы қыз қаза болды - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Өрттерде екі ер адам мен 9 жасар мерт болды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Өрттерде екі ер адам мен 9 жастағы қыз қаза болды - ҚР ТЖМ

Бүгін түнде Солтүстік Қазақстан облысының Воскресеновка ауылында жекеменшік тұрғын үй отқа оранған. Жалын 76 шаршы метр аумақты жайпады. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің 5 маманы мен бір техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнынан 56 жастағы ер адамның мәйіті табылды.

Сондай-ақ бүгін түнде Семей қаласында Қосанов көшесінде орналасқан жер үйде өрт болды. Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыды. Оқиға орнынан 52 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Өртпен ҚР ТЖМ ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің 15 маманы мен 4 техникасы арпалысты.

12 маусым күні Қостанай облысы Константиновка кентіндегі Садовая көшесінде орналасқан тұрғын үй өртенді. Тілсіз жау 60 шаршы метр аумаққа жайылды. Оқиға орнынан 9 жасар қыздың мәйіті табылды. Ысты газға уланған 10 жастағы бала ауруханаға жеткізілді. Жалынды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қостанай облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің 9 маманы мен 3 техникасы бағытталды.