«Өртті сөндіруге кетіп, із-түзсіз жоғалды»: Абай облысында тракторшыны іздестіру жалғасуда

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында Семей орманындағы өртті сөндіруге кетіп, қайта оралмады делінген ер адам әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өртті сөндіруге кетіп, із-түзсіз жоғалды»: Абай облысында тракторшыны іздестіру жалғасуда
Фото: instagram.com/abai_department_police

Сергей Архипов облыс аумағындағы өртті сөндіруге көмектесу үшін тракторымен шығып кетіп, із-түзсіз кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Ол соңғы рет байланысқа 9 маусым күні шыққан.

Облыстық Полиция департаменті С.Н.Архиповтың жоғалғанын растап, оның орналасқан жеріне қатысты қандай да бір ақпарат болса, онда «102» нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласуды сұраған еді.

Бүгін әлеуметтік желіде 1987 жылы туған тұрғынның денесі табылғаны жайлы ақпарат тарады.

«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ер адамды іздестіру іс-шаралары әлі жалғасып жатыр», - деп мәлім етті Полиция департаментінің баспасөз қызметінен агенттік тілшісіне.

Айта кетейік, бүгін өткен Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев С.Н.Ариповты іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын баяндаған болатын. Ол мініп кеткен трактор кеше, Дмитриевка ауылынан 5 шақырым қашықтықтан, далалы жерде табылған еді.