Өрттің шығуына терек мамығы себеп болған - Қостанай
Облыста былтырғы жылмен салыстырғанда өрт саны күрт өскен. Көп жағдай тілсіз жаудың туындауына терек түбіті себеп болады.
«20 маусымдағы мәлімет бойынша, облыста 21 өрт терек түбітінің жануынан шыққан. Жалпы, облыста жыл басынан бері 123 өрт фактісі тіркелген. Терек түбіті тез тұтанады және барлық бағыттарда өте жылдам таралады. Нәтижеснде өрт аумағы ұлғая береді. Тек қана балалар емес, сонымен қатар ересектер де темекі тұқылдарын немесе сіріңкені сөндірмей тастап, терек түбітінің жануына себеп болады», - делінген ТЖД баспасөз хабарламасында.
Мәселен, кеше қаладағы Воинов-Интернационалистер және Қайырбеков көшелерінің қиылысында терек түбіті жанып, жалын жеке тұрғын үйге тиген. Нәтижесінде, өрт сөнірушілер 17 адамды эвакуациялады. Оның бесеуі - балалар. Өрт салдарынан 2 велосипед пен сәби арбасы жанып кетті.
Осыған орай, Қостанай облысының төтенше жағдайлар Департаменті көшеде және үй аулаларында абай болуға шақырады.