Орынбек Жәутіковтың 100 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды
АЛМАТЫ. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгіннен бастап елімізде ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Орынбек Жәутіковтың туғанына 100 жыл толуына арналған пошта маркасы айналымға шықты.
Маркада Орынбек Жәутіковтың портреті бейнеленген. Суретшісі - Николай Соколов. Марканың жалпы тиражы 30 мың дана, көлемі- 28х30 мм. Марка «Беларусь баспа үйі» баспаханасында басылған.
Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы (1911-1989) - Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1920-1930 жылдары ауылдық мектепте, кейіннен Қарқаралы қаласындағы мектепте оқыған. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) физика-математика факультетін үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербор мемлекеттік университеті) аспирантурасын тамамдаған.
Оның негізгі ғылыми еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математика, физика теңдеулеріне, дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған.
О.Жәутіков - республикалық физика-математика мектебін ұйымдастырушылардың бірі. Бұл мектеп қазір Орынбек Жәутіковтің есімімен аталады. Ол республикамызда математик ғалымдарды дайындауда және математиканы насихаттауда көп еңбек сіңіріп, отандық математиктер мектебін қалыптастырды. 1958 жылы академик О.Жәутіков алғаш рет қазақ тілінде математикалық талдау туралы оқулығын шығарған. Ол 200 ден астам ғылыми еңбектердің, ғылыми-танымдық кітаптардың, методикалық жұмыстардың, көптеген оқулықтардың авторы.
Орынбек Ахметбекұлы Алматы қаласында оқушылардың Кіші ғылымдар академиясын ұйымдастырып, академияның көп жылдар бойы Құрметті президенті болды.
О.Жәутіков математика ғылымын дамытуға және физика-математика білімдерін жетілдіруде зор үлес қосып, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлағаны үшін Октябрь революциясы, 2 рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған.