Орынборда «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» халықаралық еске алу шарасы басталды (ФОТО)
Айтулы іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері Орынбор, Мәскеу, Челябі, Қазақстан мен Қырғызстанның қоғамдық ұйымдарының белсенділері қатысып жатыр.
316-шы атқыштар дивизиясы Алматы қаласында 1941 жылдың шілде-тамызында құрылған болатын. Дивизия жеке құрылымы Алматы қаласының, Алматы облысының, Қазақстанның басқа да аймақтарының және қырғыз елінің әскери міндетті тұрғындарынан жасақталған болатын.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және таяуда болатын Мәскеу түбіндегі шайқастың 75 жылдығы қарсаңында «Еуразия халықтарының одағы» қоғамдық ұйымы халықаралық Еске алу шарасын өткізу туралы бастама айтты, бұл бастаманы Қазақстан мен Қырғызстанның қоғамдық ұйымдары да бірауыздан қолдады.
«Еске алу шарасы Орынбордағы «Салют, Победа!» саябағында бастау алуының ерекше мән бар, - деді шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Орынбор облысы үкіметі төрағасының орынбасары - вице-губернатор Дмитрий Кулагин. - Бұл жерде Ұлы отан соғысының ардагерлері мен жастар жиналып отыр. Мен осы шара біздің жадымызда қалатынына сенімдімін. Біздің әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігін болашақ ұрпақ ұмытпайды. Дивизия құрамында 1941 жылғы қазан айынан 1945 жылғы мамыр айына дейін болған Орынбор өлкесінің 91 азаматы қаза тауып немесе хабарсыз кеткен. Елуге тарта жерлесіміз ордендер мен медальдармен марапатталған».
«Бұл шара біздің аталарымыз мен әкелерімізің ерлігін ұлықтау шарасы болғандықтан қатысуды жөн санадық», - деді Қазақстаннан келген делегация өкілі, ҚХА-ның Ақтөбе облысындағы филиалының меңгерушісі Жолдас Нұршин.
Шараға қатысушылар соғыста ерлікпен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Слава монументіне гүл шоқтарын қойды.
Панфиловшылардың ерлігіне арналған халықаралық акция Ресейдің Челябі, Екатеринбург, Новосібір, Уфада, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанда өтеді. Содан кейін Мәскеудегі Панфиловшылар ескерткішінде мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, 316-шы атқыштар дивизиясы Алматы қаласында 1941 жылдың шілде-тамызында құрылған болатын. Дивизия жеке құрылымы Алматы қаласының, Алматы облысының, Қазақстанның басқа да аймақтарының және қырғыз елінің әскери міндетті тұрғындарынан жасақталды. 1941 жылдың қазан-қарашасында Мәскеуді қорғауда көрсеткен теңдессіз ерлігі пен батылдығы үшін дивизияға 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы аты берілді, ал кейініректе дивизияға 1941 жылдың 18 қарашасында Мәскеу облысының Волоколамск қаласының маңында қаза тапқан, дивизияның тұңғыш командирі Иван Васильевич Панфиловтың аты берілді. Панфиловшы жауынгерлер Псков облысын, Латвияны, Литваны неміс-фашист басқыншыларынан қорғауға қатысты. Панфилов дивизиясы Ленин орденімен, Қызыл ту орденімен, екінші дәрежелі Суворов орденімен, марапатталды.
Алматыда 28 жауынгер-панфиловшылар атындағы саябақ бар. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы Қошқарбаев пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан "Жерұйық" саябағында генерал И.В. Панфиловтың ескерткіші ашылды.