Орынгүл Зкриенова: Жеңіл атлетика – жеңіл спорт емес

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстаннан шыққан споршылар биік шыңдарды бағындырып, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін жастар да аз емес. Солардың бірі – кедергілермен жүгіруден Қазақстан кубогінің иегері, Азия чемпионаты мен универсиада қатысушысы, спорт шеберіне үміткер Орынгүл Зкриенова. ҚазАқпарат тілшісі Өскемен қаласының тумасы болған 22 жастағы жеңіл атлетпен сұхбаттасқан еді.
None
None

– Орынгүл, жеңіл атлетикаға қалай келдің?

– Өскемендегі №16 мектептің 5-ші сыныбында оқып жүргенімде 500 метрге жүгіруден қалалық жарыс өтетіндігін естіп, бағымды сынап көруге бел байладым. Сол сайыста жеңімпаз атанып, жаттықтырушы Надежда Лукашинаның көзіне түстім. Сөйтіп ол кісі менің алғашқы бапкерім болды. Жеңіл атлетикаға алғашқы қадамым осылай жасалды.

– Алғашқы жетістігің қандай болды?

– Жасөспірімдер арасындағы 300 метрге кедергілермен жүгіруден Қазақстан чемпионатында екінші орынды иелендім. Араға жыл салып дәл осы жарыста үздік атандым. Жақсы нәтижелерімді байқаған бапкерлер мені 2016 жылы Катардың Доха қаласында өткен Азия чемпионатына алып барды. Өкінішке қарай, ол жақта үшінші орынға сәл ғана жетпей қалды. Осыдан кейін Қазақстан чемпионатына қатысқанымда аяғым тартылып, жарақат алып қалдым. Соның салдарынан Әлем чемпионатына бара алмай, ұзақ уақыт емделуіме тура келді. Ал 2019 жылы Италияда болған Универсиадада бақ сынағанымда жүлделі орын бұйырмады.

– Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан кубогінің жеңімпазы атандың. Сол сайыс жайлы айтып өтсең…

– Шынымды айтсам, бұл жеңісіме көңілім толмады. Себебі менің негізгі қарсыласым павлодарлық Роксана Оспанова мәреге жете алмай қалғандықтан тартысты бәсекелестік байқалмады. Бәсеке болмаған жерде өсу болмайды. Сондықтан осындай жеңіске жеткенде қуаныштан төбем көкке жетті деп айта алмаймын.

– Кедергілермен жүгіруде өзіңнің жеке рекордың қандай?

– Қазір мен спорт шеберінің нормативін орындауға талпынып жүрмін. Ол үшін 60 метрді кедергілермен 8,64 секундта жүгіріп өту қажет. Бұл қашықтықтағы өзімнің жеке рекордым – 8,8 секунд. Негізінен жеңіл атлетика – жеңіл спорт емес. Кедергілермен жүгіру үшін жылдамдық емес, техника керек. Бұдан бөлек шыдамдылық, төзімділік пен еңбекқорлықтың да болуы шарт.

– Бос уақытыңда немен айналысқанды ұнатасың?

– Суға түскенді, таза ауада серуендегенді, ән айтқанды жақсы көремін. Бірақ спортпен айналысатын адамның бос уақыты көп бола бермейді. Бүгінде ағылшын тілін үйренуді ниет етіп жүрмін.

– Алға қойған жоспарларың қандай?

– Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында магистратурада оқып жүрмін. Алда бағындыруды мақсат еткен белестерім аз емес. Биылғы Олимпиадаға жарақаттан кейін бабыма дұрыс келе алмағандықтан бара алмай қалдым. Келешекте ауқымды додаларда ел намысын қорғағым келеді. Сол үшін аянбай тер төгіп, бар күш-жігерімді салып дайындық үстіндемін. Маған әрдайым ата-анам, туған-туыстарым мен дос-құрбыларым қолдау білдіріп, жанкүйер болуда. Сол үшін оларға шексіз алғысымды айтамын. Сіздердің үміттеріңізді ақтау үшін бойымдағы бар мүмкіндігімді сарқа жұмсауға әзірмін!

– Сұхбатыңызға рақмет. Алар асуыңыз биік болсын!


Соңғы жаңалықтар