23:43, 10 Шілде 2017 | GMT +5
Орынсыз сыйлық жасаған атыраулық жарты миллион теңге айыппұл төлейді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 23 жастағы қала тұрғынына инспекторға сыйлық жасағаны үшін айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау қаласының тұрғыны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676- бабы «Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi» бойынша айыпталып отыр. Ұрлық жасағаны үшін сотталған ер адам аға инспектордың телефонына 500 бірлік жіберіп, сосын «бұл шын көңілмен» деп хабарлама жолдаған. Сыйлықты алғаннан кейін полиция қызметкері Атырау қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығына рапортпен өтініш жасаған. Сыйлық жасағыш ер адам өзінің кінәсін толық мойындады, оған 200 АЕК көлемінде (453 800 теңге) айыппұл салынды», - делінген соттың баспасөз баянында.