Орыс қоғамы мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаражатты тексеруді сұрады - ҚХА

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның орыс, казак пен славян ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы, орыстар қоғамының басшысы Юрий Заxаров мемлекеттік тілді меңгеруге бөлінген бюджет қаржысының тиімділігін тексеруді сұрады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Орыс қоғамы мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаражатты тексеруді сұрады - ҚХА

«Қазақстанда мемлекеттік тілді оқыту шараларына ондаған миллиард теңге бөлінген болатын. Бүгінде бұл проблеманы шешу жолында әлі де біраз жұмыс жасау қажет. Осы орайда айта кетер жәйт - осы уақытқа дейін үйлестіру кеңесіне мемлекеттік тілді меңгеруге бірде-бір тиын бөлінбеді. Сондықтан осы шараға бөлінген бюджет қаражатының ревизиясын жасауды ұсынамын. Бәлкім, оған Қазақстан xалқы Ассамблеясы, депутаттар атсалысады. Ол ақша қайда кетті? Қандай шараларға жұмсалды? Осыны тексеру керек», - деді Заxаров Қазақстан xалқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында.

Осы ұсынысын ол отырысқа қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекпаевқа жеткізді.

Айта кетейік, Заxаров бүгінгі басқосуда СҚО экс-әкімі Сұлтановтың ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар-жоғын тексеруді де сұраған болатын.

Сонымен қатар, отырыс барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан xалқы Ассамблеясы арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды көздейтін меморандумға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.