Орыс қызы қытай жігітін құтқарып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Циндао қаласында ресейлік саяхатшы қыз суға батып бара жатқан қытай азаматын құтқарып қалды, деп хабарлады «Синьхуа» агенттігі.
Бұл оқиға Сары теңіз жағалауындағы Циндао курорт аймағында болған. Мурманскіден келген 29 жастағы Женя теңізде шомылып жүргенінде өзінен 20 метрдей қашықта бір адамның суға батып бара жатқанын байқайды. Ойланбастан көмекке ұмтылған ол қытай жігітін құтқарып қалған.
Қытай БАҚ-тарының хабарлауынша, Ресей азаматшасы осы оқиғадан соң отанына қайтып кеткен. Ал ажалдан аман қалған жігіттің туған-туыстары мен достары оған алғыс хаттар мен сый-сияпаттарын жолдауды тоқтатар емес.