Орыс мектебін бітірген оқушыларға да қазақ тілінде тест тапсыртқан жөн - М. Құл-Мұхаммед

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Орыс немесе аралас мектепті бітірген балаларға қазақ тілінде тест тапсыртатын болсақ, сонда орта мектепті бітіретін әрбір баланың қазақ тілін меңгеріп шығарына мүмкіндік жасар едік.

Орыс мектебін бітірген оқушыларға да қазақ тілінде тест тапсыртқан жөн - М. Құл-Мұхаммед

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында баяндама жасаған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орыс және өзге ұлт өкілдері білім алатын мектептердегі қазақ тілін оқытудың жүктемесін арттыра түсу қажет. Бүгінгі күні қазақ мектебін бітірген түлек ұлттық біріңғай тестті қазақ тілінде еркін тапсырады. Бұдан қазақ тілінің көсегесі көгеретініне сөз жоқ. Бірақ, біз орыс мектебін бітірген балаларға қазақ тілінде тест тапсыртатын болсақ, сонда орта мектепті бітіретін әрбір баланың қазақ тілін меңгеріп шығарына мүмкіндік жасар едік. Дәл қазіргі кезде бұндай жағдай болмай отыр, өйткені түлектің еркі бойынша қазір қазақ тілінде бітірген бала қазақша, орыс тілінде бітірген бала орысша тапсыра береді», деді М. Құл-Мұхаммед.

Сонымен бірге, министр бүгінгі күні әзірленіп жатқан мемлекеттік тілді дамыту тұжырымдамасында осы мәселе көрініс табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, ЖОО-да қазақ тілін тек тіл ретінде ғана оқытудан келетін пайда шамалы. Сол үшін әрбір жоғары оқу орнының мамандығына сәйкес терминологияны біліп шығуына баса мән беру керек. «Мәселен, Алматы медицина институтында орыс бөлімінің студенттеріне бір пән міндетті түрде қазақ тілінде оқытылады екен. Сонда студент пәнге қатысты терминологияны меңгереді деген сөз. Бұндай тәжірибеге көшу қажет», деді М. Құл-Мұхаммед.