Орыс мектептерінде қазақ балаларының 30 пайызы оқиды - Тілдерді дамыту басқармасы
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгінде республикадағы орыс мектептерінде қазақ балаларының 30 пайызы оқиды. Бұл туралы Астанада өткен арнайы баспасөз мәслихатында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов мәлім етті.
«Шыны керек, орыс мектептерінде әлі күнге дейін біздің көптеген қазақ балаларымыз оқып жүр. Қазақстан бойынша олардың саны 30 пайызды, нақты айтсақ, 304 мың баланы құрап отыр», - деп атап көрсетті Е.Тілешов. Осыған орай, биыл Қазақстан халқы тілдерінің XV фестивалі аясында орыс сыныптарында оқитын қазақ балалары арасында қалалық тіл олимпиадасын өткізу ұйғарылды. Аталған шара 11-12 қыркүйек күндері Астанадағы №56 мектепте өтеді.