«Орыс мектептеріне қазақ тілі енді келді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 23 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ-қа сапары аяқталды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Семсерден соқа соғу» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 66-сес­сиясының мінберінен сөз алған Елбасы: «Мен ядролық қауіпсіздікті үш бір­лік­тің тұтас бір құрылымы ретінде қарастырамын. Біріншісі - проб­лемалардың әскери-саяси аспекті. Ол адамзатты ядролық қару­дан қорғаумен байланысты. Екіншісі - ықтимал ядролық терроризмге қарсы іс-қимыл болса, үшіншісі - атом энерге­тика­сы­ның қауіпсіздігі», -деп атап өтіп, күн тәртібіне қойылған мәселе әлемдік қоғамдастықтың әркез алаңдаушылығын туғызуы тиіс екеніне назар аудартты.

Бүгін Халық өкілдері Бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангоның Қазақстанға сапары бас­та­лады. Бұл Қытай Парламенті басшысының Қазақ еліне ал­ғашқы сапары болып табылады. Осы оқиғаға орай «Егемен Қазақстан» Қы­тай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Чжоу ЛИДІ әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген елші: «Аталған сапар Қытай мен Қа­зақ­стан арасындағы жан-жақты стра­тегиялық әріптестікті одан әрі сенім тұрғысынан тереңдетіп, өзара іс-қимыл деңгейін жоғарылатуға соны серпін қосатынына сенімділігімді білдіремін», - дейді. Сұхбат «Стратегиялық серіктестік серпіні» деген тақырыппен берілген.

***

Қазақ тіліне қатысты «аттандар» өз нәтижесін бере бастағанға ұқсайды. «Айқын» газетінің жазуынша, тіліне қарай қоғамның екіге жіктелуіне келешекте жол бермеу үшін билік орыс тілді мектептердегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ұйғарыпты. Кеше Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысына келген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов орыс мектептерінде бірқатар пәндердің алда қазақ тілінде жүргізіле бастайтынын хабарлады. Министрлік бұл мәселені пысықтауға кіріскен. Б.Жұмағұлов бұл күні басқа да тосын мәлімдемелер жасады. Министрдің тосын мәлімдемелерінен хабардар болғыңыз келсе, «Орыс мектептеріне қазақ тілі енді келді» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

Осы басылымда тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанмен арадағы сұхбат «Дін төңірегіндегі түйткілдерді тек діни сауаттылығымызды жетілдіру арқылы ғана жеңе аламыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ислам - бейбіт дін. Ол осы қасиетімен баурап алып, қазақтың кең байтақ жерінде тамырын тереңге жайғаны соншалық, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін иісі қазақтың бөлінбес еншісіндей болып кетті. Ол да бабаларымыздың қанына сіңген заңдылықтың бір көрінісі. Кеңес өкіметінің құрамында болған зұлмат жылдар ұлтымыздың діни сеніміне елеулі нұсқан келтірді. Тарихымызды бұрмалап, әдебімізді әдепсіздік етіп көрсетуге ұмтылды», - дейді.

***

Қазақ даласының төрінен тұрақ тапқан Байқоңыр шаһарының жыры бітер емес. Алып зымыран аспанға аттанар ғарышты мекенді жалға алған Ресей елі онда өзінің заң-зәкүнін үстем етеді. Қалада қаракөз қандасымыз көп-ақ. 90-жылдардан бастап Байқоңырда қазақтың қатары көбейген. Бірі ғарышты салада қызмет етеді. Ендігісі түрлі қызметтің құлағын ұстаған. Өкініштісі, қалада қазақтар кәсіпкерліктің тасын өрге домалата алмай отыр. Сонымен «қазақтың кәсіпкерлікпен шұғылдануына не кедергі?» деген сауалдың жауабын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санындағы «Кәсіпкерлер неге қиындық көріп жүр?» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

«Қазақстанның велошабандозы Александр Винокуров кәсіби спорттан алыстамайтын болды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөміріндегі «Винокуров «Астана» тізгінін қолына алады» деген мақалада. Басылымның атап өтуінше, алдағы уақытта ол «Астана» командасының тізгінін қолға алып, отандық велоқұраманы жаңа легионерлермен толықтыруды көздеп отыр. Ал Қазақстанның жас велоспортшылары әзірше «Астана-2» командасында жаттығатын болады. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда жаңа командаға Дмитрий Седун жетекшілік етпек.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ағымдағы жылы елімізде астық түсімі мол болмақ. Кешегі күнгі жағдай бойынша егістік алқаптың 77,5 пайыз егіні орылып, 19,9 млн. тонна астық бастырылды. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бидай мен арпа толық жиналып алынды. Батыс Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында арпа мен бидай ору аяқталуға жақын. Ақтөбе (75,1%), Солтүстік Қазақстан (68,5%), Ақмола (75,1%), Қарағанды (76,6%) және Қызылорда (54,8%) облыстарында егіннің жартысынан астамы жиналды.

Соңғы жаңалықтар