Орыс тілі біз үшін керек, бірақ қазақ тілінің мәртебесі одан жоғары болуы тиіс - Елбасы

«Ана тілі деген әр халықтың өзінің ішкі дүниесі, жаны. Сол елдің мемлекеттігін ана тілі көрсетеді. Сол елдің мәдениеті, сол елдің дәстүрі барлығы да ана тілімен жүреді. Сондықтан да біз кішкене қиын жағдайда қалып қойған қазақ тілін көтереміз деп, бүкіл мемлекет болып жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы еліміздің азаматтары қазақ тіліне қамқорлығын білдіріп, тиісті деңгейде қолдау көрсетілмей жатыр деген реніштерін білдіретіндігін айта келе, бұл ретте өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлейтіндіктеріне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстанда қазақ тілі еркін қанат жайып, бүкіл жұрт еркін сөйлейтін дәрежеге жеткен жағдайдың өзінде де екінші тіл қажет болатындығын баса айтты. Өйткені ғылыми, инновациялық мәселелердің барлығының да әдебиеттегі аударылуы ағылшын тілінен кейін орыс тілінде жүргізіледі.
«Сондықтан орыс тілі біз үшін әрине керек, бірақ қазақ тілінің мәртебесі одан жоғары болуы қажет», - деп атап өткен Елбасы қазақстандықтардың үшінші тіл ретінде ағылшын тілін еркін меңгеруі тиістігін баса айтты.
Мемлекет басшысының алға тартқан деректеріне қарағанда, соңғы санақтың нәтижесінде қазақтардың өзінің ішінде қазақшаға шорқақтары 20-25 пайызға жеткен. Дегенмен, тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны артып, оларға баратын қазақ балаларының саны 80 пайызға жетті.