Ошта жол-патрульдік милиция қызметкерлері ұрланған адамды құтқарды
«10 тамызда Ош қаласының ІІБ жол-патрульдік милициясы қызметкерлері А. Мамыров және Кұрманжан Датқа көшелерінің қиылысында Р.Әбдіқадырова көшесі бойынша қатты жылдамдықпен келе жатқан Opel Vectra көлігін байқаған. Көлікті тоқтатпақ болғанда жүргізуші жылдамдықты қоса түсті», - деді милицияда.
Көлік өтіп бара жатқанда милиция қызметкері Шұмқарбек Орайымов көліктің жүк салатын бөлімінен шығып тұрған адамның аяқ киімін көріп қалған.
«Тәртіп сақшылары көліктің ізіне түсті. И. Монуев және Ю.Гагарин көшелерінің қиылысында құтыла алмайтын болған соң көлік тоқтап, одан шыққан төрт жолаушы тұра қашқан. Алайда олардың екеуі қолға түсті (19 жастағы жігіттер). Көліктің жүк салғышында мойнынан жарақаттанған машина иесі жатқан», - деді ІІБ.
Оқыс оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары мен өзге күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.