Осы аптада ел кинотеатрларынан қандай туындыларды көруге болады
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық кинотеатрлардың экранына бірнеше жаңа туынды шықты. Олардың қатарында «90+1», «Гәп», «Күрт бұрылыс» сынды фильмдер бар.«90+1»

Биыл футбол тақырыбына арналған алғашқы кинотуынды. Фильм жас футболшының арманына жету жолындағы күресін баяндайды. Кинокартинаның режиссері — «Бизнес по-казахски», «Әкім» секілді жобалармен танылған Тимур Дулатов. Басты рөлдерді Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов және танымал блогер Артур Асқарұлы сомдайды. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.
Фильм сюжетіне келсек, басты кейіпкердің ата-анасы жол апатына ұшырап, оған отбасының тірегі әрі сүйеніші болуға тура келеді. Футбол десе, жанын беретін жігіттің бала күнгі арманынан қол үзгісі жоқ. Туынды шытырманға толы хикаяға негізделген.
«Гәп»
Бір-бірімен отбасылық араласатын достар арасындағы көңілді фильм. 5 отбасы ай сайын, әркім өз кезегімен ГӘП өткізіп, қара касса ойнауды үрдіске айналдырған. Бір-бірінен асып түсу үшін олардың біреуі ГӘП ойынын Камбоджада өткізеді. Өзге мемлекетте достар шытырман оқиғаға тап болады.
«Қызыл дамбал»
Бұл — Әмір Қарақұлов түсірген трагикомедия. Фильм оқиғасы отбасында зорлық-зомбылық көрген бірнеше әйелдің «бандаға» бірігіп, өздеріне зорлық-зомбылық көрсеткендерді ұстап, жазалағаны туралы баяндайды. Топ белгісі — қызыл дамбал.
«Джун мен Джон»
«Леон», «Бесінші элемент» сынды танымал фильмдердің режиссері Люк Бессон түсірген романтикалық боевик. Кеңсе қызметкері Джон жандүниесі құпияға толы Джумен кездеседі. Ол кеңсе қызметкерінің қалыпты өмірінің астан-кестеңін шығарады. Олар қауіпті әрі еліктірер әрекетте бірге аттанады.
«Айдаһарды қалай қайта тәрбиелеу керек»
Бүкіл отбасына арналған анимациялық оқиға. Кішкентай айдаһар мен теңіз жылқысы әлемнің тағдырын өзгерте алатын сиқырлы артефактілерді іздейді. Бірақ моральдық таңдауға тап болған кішкентай айдаһар жақсылықты немесе жамандықты қабылдайтынын шешуі керек.
«Жан коллекционері»
Қытай триллер-детективі. Элиталық әйелдер мектебінде оқушылар жоғалып кетіп, олардың бірі көп ұзамай өлі күйінде табылады. Тергеу күдіктінің бірнеше адам болуы және олардың әрқайсысының өз дәлелінің болуы салдарынан қиындай түседі.
«Өш шалу-2»
Басты рөлде Бен Аффлек ойнаған 2016 жылғы фильмнің жалғасы. Кристиан Вулф — аутизм спектрі бұзылған дарынды математик. Ол жаудың бүкіл армиясын жалғыз өзі жеңуге қауқарлы. Жаңа фильмде ол ағасымен бірігіп, адам саудасымен айналысатын картельмен күреседі, хабар-ошарсыз кеткендерді іздейді.
«Күрт бұрылыс»
Бен Фостер («Юмаға бағыт алған пойыз», «Кез келген жағдайда») мен Коби Смулдерс («Кек алушылар: Финал», «Тыныш айлақ») бас рөлдерді сомдаған психологиялық триллер. Джош отбасымен бірге қауіпті бұрылыстың жанында орналасқан жаңа үйге көшеді. Бірнеше жол апатына куә болған ол өзгелерді құтқару мүмкіндігін іздей бастайды. Мүмкін ол сырттай солай болып көрінгенін қалай ма? Рассел Вангерский шығармасы негізінде түсірілген фильм қазірдің өзінде сыншылардың жоғары бағасына ие болды: Rotten Tomatoes-тегі рейтингі 94 пайыз.