Осы демалыста Петропавлдың 272 жылдығы тойланады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда 13-14 шілде күндері қаланың 272 жылдығы атап өтілмек. Мерекелік іс-шара барысында дәстүрлі Qyzyljar Music Fest халықаралық фестивалі өтті.

Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, Qyzyljar Music Fest халықаралық фестивалі 13 шілде күні Петропавлдың бас алаңында сағат 14.00-де басталды.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде жергілікті танымал би ұжымдары өнер көрсетсе, сағат 19.00-де басталатын екінші бөлімінде классикалық музыка кеші өтті.
Концертте жергілікті, республикалық өнерпаздармен қатар Мәскеуден келген классикалық музыка және симфониялық рок орындаушысы Денис Шаповалов, опера әншілері Аргентинадан келген Ivanna Speranza мен итальяндық David Piaggio өнер көрсетпек.
Негізгі мерекелік бағдарлама 14 шілдеге жоспарланған. Петропавлдағы орталық алаңда сағат 10.30-да «Мой любимый город» интерактивті алаңы ұйымдастырылады.
Балаларға арналған «Город детства» іс-шарасы өтеді. «Петропавлдың кішкентай ханшайымы» байқауының қорытындысы шығарылады.
Жалпы биыл облыс орталығының барлық шағын аудандарында қала күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар өтеді.
Мещан орманындағы жаңадан ашылған саябақта «Арман қала» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады.
Ал «Бірлік» ықшамауданының тұрғындарына «Шуақты қала», «Береке» ықшам ауданында «Жаса, жайна ару қалам» концерттік бағдарламалары ұсынылмақ.
Пестрый көлі маңындағы «Солтүстік жұлдызы» саябағында да мерекелік концерт, түстен кейін әуесқой командалар арасында қалалық жағажай волейбол турнирі және жағажай футбол жарысы өтеді.
Кешкі сағат 22.00-ге дейін бояу шоуы ұйымдастырылып, шаһар тұрғындарына Domino тобы өнер көрсетпек.
Петропавлдың бас алаңында қала күніне арналған мерекелік концерт сағат 18.00-де басталады.
Кешкі сағат 19.00 -20.30 аралығында өтетін «Сүйікті қалам» атты гала-концертте Гүлмира Ізбасханова мен Артур Давлетьяров өнер көрсетпек.
Бұған дейін Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА талаптарына сай жаңғыртылып жатқанын жазған едік.