Осыдан 8000 жыл бұрын күріш егілгені туралы дерек табылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті комиссияның төртінші отырысы өтті — «ӨзА»
Шымкент қаласында Өзбекстан Республикасы Олий Мажлиси Сенаты мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі комиссияның төртінші отырысы жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Отырысқа Өзбекстан Олий Мажлиси Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары Содиқ Сафоев бастаған құрметті делегация қатысып, маңызды мәселелерді талқыланған.

Іс-шара барысында соңғы жылдарда екі мемлекет басшыларының арасындағы ашық әрі өзара сенімге негізделген қарым-қатынастар, сондай-ақ саяси ерік-жігер арқасында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларда дами түскені ерекше атап өтілді. Бұл екіжақты достықты, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікті әрі одақтастықты нығайтуға септігін тигізді.
Жиында Қазақстан мен Өзбекстанның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы көпқырлы серіктестікті дамыту жолдары қарастырылды.
Олжас Бектенов Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Арефпен кездесті — «ParsToday»
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Арефпен кездесті. Сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Бұл туралы апта соңында «ParsToday» ақпараттық порталы хабарлаған болатын.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, келіссөздер барысында тараптар Иран Ислам Республикасының өткен жылғы желтоқсан айында Еуразиялық экономикалық одақта байқаушы мәртебесін алуы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша дамуына ықпал ететінін атап өткен.
— Иран — Қазақстанның Каспий аймағындағы тату көршісі. Өткен жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 8,1%-ға артып, шамамен $300 млн-ға жетті. Қазақстан тарапы жалпы құны $132 млн-нан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, биыл елімізде 26 млн тоннадан астам астық жиналды, — деп жазды ирандық БАҚ.
«ParsToday»-дің мәліметінше, отандық экспорттаушылар бидай, арпа және майлы дақылдарды қоса алғанда, астық өнімдеріне деген Иран нарығы сұранысын қанағаттандыруға дайын. Жалпы, өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарының айналымы 25%-ға артып, $186 млн-ға жеткен.
Айта кетейік, «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық дәлізі шеңберінде жүк тасымалдау көлемін арттыру, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту және инфрақұрылымды дамыту мақсатында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан (Ақтау, Құрық) және Иран (Анзали, Амирабад) порттары терминалдарын жаңғыртудың келешегі мәселелері қаралды.
Түркия мен Қазақстан арасында әскери ынтымақтастық нығайды — TRT
Түркия мен Қазақстан арасындағы әскери ынтымақтастық жаңа келісіммен нығая түсті.
Түркия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әскери ынтымақтастық екі елдің ресми тұлғалары қол қойған жаңа әскери ынтымақтастық жоспары арқылы одан әрі күшейді.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-та хабарлағандай, Қазақстан Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша Түркия мен Қазақстанның қорғаныс министрліктері арасында 2025 жылы жүзеге асырылуы жоспарланған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.
Ресми ақпаратқа сәйкес Қазақстан Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Олжас Құсайынов бастаған қазақстандық әскери делегация Түркияға ресми іссапармен келді.
Сапар барысында 2025 жылы жүзеге асырылатын әскери ынтымақтастық жоспары қабылданды.
Құжатқа Қазақстан тарапынан Олжас Құсайынов, Түркия тарапынан бригадалық генерал Ердоған Чатал қол қойған.
Келіссөздер барысында әскери білім беру, ғылыми зерттеулер, медицина және бейбітшілік миссиялары салаларында жүзеге асырылатын ынтымақтастық мәселелері талқыланған.
Сонымен қатар жоспар аясында екі ел арасында жоғары деңгейдегі өзара ресми сапарлар ұйымдастырылатыны айтылған.
Қытайда осыдан 8000 жыл бұрын күріш егілгені туралы дерек табылды — «Халық газеті»
Жақында Хунань өлкесінің Мәдени жәдігерлер және археология институты Хунань өлкесінің Чандэ қаласындағы Лисян ауданы Лицзяган қирандысынан Пэнтоушань Мәдени кезеңінен қалған екі көне күріш алқабы табылғанын хабарлады. Бұл осыдан 8000 жылдан астам уақыт бұрын мұндағы ата-бабалар күріш өсіруді бастағанын көрсетеді, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Археологтардың бұл жаңалығы Янцзы өзенінің орта ағысында күріш алқаптары пайда болған уақытты 2000 жыл арыға апарады, бұған дейін 6500 жыл бұрынғы күріш алқаптары Лисян ауданының Чэнтоушань қирандыларынан табылған.
Сондай-ақ осы аптада «Халық газетінде» «Харбин қар-мұз әлемі 2 млн-нан астам туристі қабылдады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

26-ншы Харбин қар-мұз әлемі 2024 жылдың 21 желтоқсанында ашылғаннан 2025 жылдың 26 қаңтарына дейін 37 күн бойы жұмыс істеп, осы аралықта 2 миллионнан астам туристі қабылдады. Сөйтіп, жаңа рекорд орнатты.
26-ншы Харбин қар-мұз әлемі 2025 жылғы Қысқы Азия ойындары элементтерін толық пайдаланған. Бұл жарық пен нұр шағылысқан, сәулетті қар-мұз ғимараттарын тұрғызған кешенді қар-мұз саябағы.