«Өсімдік әлемі туралы» заңнамада өртпен күрес қызметін реттеу көзделген - Jibek Joly
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Jibek Joly» телернасындағы «Новое время» ақпаратты-сараптамалық бағдарламасында Орман өртімен күрес қызметінің ардагері Юзан Таирбергенов «Өсімдік әлемі туралы» заң жобасындағы жаңашылдықтар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасын әзірлеушілерге кеңес беріп жүрген сарапшының айтуына қарағанда, құжат жобасында өрт күзетін реттеу, жерді пайдаланушының қауіпсіздік тұрғысындағы міндеттері мен құқықтары, жергілікті атқарушы органның міндеттері мен құқықтары нақтыланған.
«Қазақстанның өсімдіктер әлемі туралы жалпы заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Заң жобасында тек мемлекеттік орман қоры ғана емес, сонымен қатар өсімдіктер әлемін өрттен қорғау мәселесі де қарастырылған. Онда өсімдіктерді, өсімдіктер әлемін өрттен қорғауға бағытталған арнайы баптар бар. Жер пайдаланушылардың, жердің меншік иелерінің, су ресурстарын пайдаланушылардың, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі қарастырылған», - деп түсіндірді ардагері Юзан Тайырбергенов.
Сондай-ақ бағдарлама барысында ол азаматтарға өрт кезінде не істеу керектігіне де тоқталады.
«Егер сіз төтенше жағдайды байқасаңыз, өрт қауіпсіздігіне қатысы бар қызметтердің бәріне хабарлауыңыз керек. Өрт бастала қалғанда қолда бар құралдың бәрімен өшіруге әрекеттенген дұрыс. Біз 2004 жылы орман өртін сөндірген кезде, өрт аумағы 50 мың гектардан асса ғана Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері жұмылдырылатын. Ал кейінгі қабылданған нормалар бойынша қазір өрт 25 мың гектардан астам аумаққа таралса, Төтенше жағдайлар министрлігі араласады. Әрине, бұл жерде өрт ошағының облыс орталығынан қанша шақырымда жатқанына, күштерді жеткізуге кететін уақыттың мөлшеріне, өрт сөндіру қызметінің жабдықталу деңгейіне көп дүние байланысты», - деді сала ардагері.