Өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда биологиялық әдісті қолдану субсидияланса игі - Р. Халмұрадов

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда биологиялық әдісті қолдануды мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі шешімін тапса игі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің атына депутаттық сауал жолдаған депутат Розақұл Халмұрадов осы мәселені көтерді.

Өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда биологиялық әдісті қолдану субсидияланса игі - Р. Халмұрадов

«Жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысында 400-450 мың тонна мақта-шикізаты жиналады. Ал әлемдік нарықта мақта талшығы бағаcы жоғарылауда. Соған қарамастан республикамыздағы мақтаның өнімділігі төмен күйінде қалып отыр. Оның негізгі себептерінің бірі мақтаның зиянкестермен көптеп залалдануында», - дейді депутат. Оның айтуынша, қазіргі таңда оңтүстіктің мақташылары зиянкестермен күресте химиялық тәсілді көптеп қолданып отыр. Ал дамыған елдерде зиянкестерге қарсы химиялық тәсіл аз пайдаланады немесе тіптен қолданылмайды.

«Бүгінгі таңда мақталық алқаптарда улы химиялық препараттарды қолданудың күн санап артуы жергілікті тұрғындардың алаңдаушылықтарын тудыруда. Қоршаған ортаның ластануы, адамдардың препараттарды қолдануда улануы, пестицидтердің қалдық әсерінен өндірілген өнімде сақталып қалуы әр түрлі онкологиялық, аллергиялық және басқа да ауруларды туындатып адам денсаулығына қауіп төндіруде. Осыған байланысты мақтаны зиянкестерден қорғауда биологиялық шаралар секілді баламалы әдістерді қолданудың өзектілігі жоғарылап отыр», - деді Р. Халмұрадов. Оның сөзіне қарағанда, келтірілген себептерге байланысты қазіргі таңда өсімдік қорғауда биологиялық әдіс дүниежүзі бойынша басымдылыққа ие болып отыр. Ал, елімізде бұл әдіс дамымай, керісінше айтарлықтай артта қалған.

«Сондықтан, ҚР Ауыл шараушылығы министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының суармалы егіншілік аймақтарында өсімдік зиянкестеріне қарсы биологиялық әдісті қолдану мен дамытуға қатысты іс-шаралар жоспарлап, ұйымдастырса игі. Ең бастысы, өсімдіктерді зиянкестерден қорғауда биологиялық әдісті қолдануды мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі шешімін тапса, осы қолға алынса екен», - деді депутат.