ОСК 4 үміткерді ҚР Президенттігіне кандидаттар ретінде тіркеуден бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, деп хабарлайды ОСК баспасөз қызметі.

ОСК 4 үміткерді ҚР Президенттігіне кандидаттар ретінде тіркеуден бас тартты

Отырыста өз кандидатураларын ұсынған төрт үміткерге - Бақыт Төлегенұлы Әбдікәрімовке, Сухраб Аминжанұлы Мырзашовқа, Асқар Жорабайұлы Сырғабаевқа және Сафиолла Қалабайұлы Алдажановқа олардың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеулеріне байланысты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар ретінде тіркеуден бас тарту туралы шешімдер қабылданды.

Аталған үміткерлерге қатысты жүргізілген тексерудің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мынаны анықтады: Бақыт Төлегенұлы Әбдікәрімов ұсынған жеке куәлігіне және өмірбаяндық деректеріне сай 1977 жылғы 23 ақпанда туған және 2015 жылғы 6 наурыздағы жағдай бойынша қырық жасқа толмаған. Сухраб Аминжанұлы Мырзашов ұсынған жеке куәлігіне және өмірбаяндық деректеріне сай 1984 жылғы 22 қыркүйекте туған және 2015 жылғы 6 наурыздағы жағдай бойынша қырық жасқа толмаған. Асқар Жорабайұлы Сырғабаев Қазақстан Республикасының Президентттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның 2015 жылғы 6 наурыздағы № 5 шешімі негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгермеген. Сафиолла Қалабайұлы Алдажанов Қазақстан Республикасының Президентттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның 2015 жылғы 6 наурыздағы № 5 шешімі негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгермеген. Сондай-ақ 6 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президентттігіне кандидат Лимана Қойшиеваны Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес деп белгілеу және оған кандидатурасын қолдап қол жинауы үшін қол қою парақтарын беру туралы қаулыларды қабылдады.