ОСК Амантай қажы Асылбекті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартты

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы лингвистикалық комиссияның емтиханына үш рет келмей қойған Амантай қажы Асылбекті ҚР Президенттігіне кандидат етіп тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады.

ОСК Амантай қажы Асылбекті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартты

Орталық сайлау комиссиясы кезекті отырысын өткізіп, Амантай қажыны кандидаттар тізіміне қосудан бас тарту туралы қаулы қабылдады.

Қаулының жобасын таныстыра отырып, ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешев: «Амантай қажы, алдын ала ескерткенімізге қарамастан, лингвистикалық комиссияның отырысына екі рет келген жоқ. БАҚ арқылы бұны өзі де растады. Кеше біз сағат 16.00-ге соңғы рет отырыс белгіледік, алайда, ол тағы да келмеді. Қаулыны (бас тарту туралы) қолдауларыңызды сұраймын», - деп атап өтті.

«ҚР Президенттігінен үміткер Амантай қажы Асылбектің лингвистикалық комиссия отырысына келмеуіне байланысты, оның ҚР Конституциясы мен «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес екендігі, атап айтқанда, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі анықталған жоқ», - деген қорытындымен ОСК барлық мүшелері бірауыздан қаулы жобасын қабылдады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 54-бабына, 59-бабы 7-тармағының 3) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен құжаттардың негізінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Амантай Хантемірұлы Асылбектің лингвистикалық комиссияның отырыстарына келмеуіне байланысты оның Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының мемлекеттік тілді еркін меңгеру бөлігіндегі талаптарына сәйкестігі анықталмады деп атап көрсетілсін.
2. Амантай Хантемірұлы Асылбекті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын", - делінген қаулыда.