ОСК Асқар Садықовты депутат мандатынан неге айырды
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжілістегі депутаты Асқар Садықовты мандатынан айырды.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі Ұлттық кеңесінің 2024 жылғы 1 шілдедегі №1 қаулыcының қабылдануына байланысты Асқар Аманбайұлы Садықов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты өкілеттігін жоғалтты деп танылсын», - деп жазылған ОСК-ның ресми мәліметінде.
«Ақ жол» партиясының осы мәселеге байланысты таратқан ақпаратында Асқар Садықов депутат мәртебесіне сай келмейтін әрекеті үшін партия қатарынан шығарылғаны айтылған.
«ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» демократиялық партиясының ұсынымы бойынша Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты депутаттық мандатынан айырды. Бұл шешімге А. Садықовтың депутаттың мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерге барғаны негіз болды. Аталмыш фактіні партиялық органдар өз бетінше анықтаған және ҚДП пленумында қаралған соң, А. Садықов партиядан шығарылды, соған байланысты ол депутаттық мандатынан айырылды», - делінген партия мәліметінде.