ОСК бүгін түнде Президенттікке кандидаттарды тіркеу шараларын қорытындылайды

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталады.

ОСК бүгін түнде Президенттікке кандидаттарды тіркеу шараларын қорытындылайды

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, ОСК өкілдері бүгін, 2 наурыз күні түнгі 23 сағат 45 минутта өзінің кезекті отырысын өткізеді. «Біз онда Президенттікке кандидаттарды тіркеу шараларының жұмысын қорытындылаймыз. Ал қазір біз облыстық және Астана мен Алматы қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының жауаптарын күтіп отырмыз. Түн ауғанша біз үміткерлер жөніндегі мәліметтерді толық аламыз деген ойдамын»,-деді Б.Мелдешов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 20 ақпанда кандидаттарды ұсыну аяқталған болатын. Барлығы 22 адам өтініш берді. Олардың 3-еуін саяси партиялар, атап айтқанда қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы, Жамбыл Ахметбековты Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы, сенатор Ғани Қасымовты "Қазақстан Патриоттары" партиясы, 1-еуін қоғамдық бірлестік, атап айтқанда - Құрманғазы Рахметовты «Желтоқсан» Республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. Қалған 18 кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылғандар. Өтініш бергендердің 18-і - ерлер, 4-еуі - әйелдер.

Осы сәтке дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрт үміткерді, атап айтқанда: «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековты, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымовты және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізовты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.

Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өткеннен кейін өзін-өзі ұсынған төрт үміткер, атап айтқанда: 17 ақпанда Павлодар облысының тұрғыны Советқазы Нұрсила, содан кейін кешелі-бері «Нұр Ислам» туристiк фирмасының директоры Қанат Турагелдиев, Жемқорлықпен күрес қоғамдық комитетінің төрағасы Жақсыбай Бәзілбаев және эколог-ғалым Мұсағали Дуамбеков сайлауалды науқанына қатыспайтындықтарын айтып, кандидатураларын алып тастады.

Ал заңгер Сәлім Өтен, уақытша жұмыссыз Гүлдана Тоқбаева, кәсіпкер Серік Сапарғали мен «Желтоқсан» республикалық, халықтық-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Құрманғазы Рахметов өздерін қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинау үстінде.

ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 59-бабының 5-тармағына сәйкес, Президенттікке кандидатты облыстардың кем дегенде үштен екісі, Астана және Алматы қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайызы қолдауы тиіс. ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, үміткерлерді қолдаған және расталған қолдардың саны 91 мың 10 адамды құрауы керек. Қол жинауды президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамдары ұйымдастырады. Бұл ретте әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуы керек және онда кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, үміткерді қолдап қол жинаған сенім білдірілген адамның жеке қолы, тегі, аты және әкесінің аты, қол жинау жүргізілген елді мекеннің атауы көрсетілуі тиіс.

Ал "Кенесары хан" қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров, Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов, "Бастион-Аст" күзет агенттігі» ЖШС-ның күзетшісі Толыбай Баймурзин, Алматы облысының тұрғыны Майя Қарамаева және Астана қаласының тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі Адалбек Құнанбаев мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмағандықтан, ОСК бұл үміткерлерді Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкес келмейді деп танып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы тиісті қаулылар қабылдады.

Павлодарлық зейнеткер Зәуре Масина 15 ақпандағы өтініші бойынша өз кандидатурасын алып тастады.

Үш үміткер - "Аттан Қазақстан" қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек, Қазақстан Мұсылмандары Одағының төрағасы Мұрат Телібеков және Ақтөбе қаласының тұрғыны Мейрамкүл Қожағұлова лингвистикалық комиссияның отырысына келмеулеріне байланысты олардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі бөлігінде Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкес келулері анықталмауы себепті ҚР ОСК-ның тиімті қаулыларымен бұл үміткерлерді ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылды.

Бір үміткер - әскери зейнеткер Біржан Ділмағамбет лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырудан бас тартты. Осы себепті Орталық сайлау комиссиясы бұл үміткерлерді де Президенттікке кандидат етіп тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды тіркеу үміткерлердің жоғары мемлекеттік лауазымға барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін басталды және 2011 жылғы 2 наурызда аяқталады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігін кандидат бола алмайды.

Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.

Айта кетейік, 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2011 жылғы 14 қаңтарда Парламент қабылдаған, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Президенттік өкілеттігін референдум арқылы ұзарту мүмкіндігін қарастырған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерту мен толықтыру енгізу туралы Заңды Конституцияға сәйкес емес деп таныған қаулысына байланысты Қазақстан халқына Үндеу арнады. Президент Үндеуінде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдағанын, Қазақстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін айтты.

1 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын өндіріске алды. Ал 3 ақпан күні түске дейін Төменгі палата депутаттары «ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын мақұлдап, оны Санатқа жіберген болатын. Түс ауа Сенат Қазақстанда мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізуді қарастыратын аталмыш заңды қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді.

3 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін белгілейтін конституциялық Заңға, атап айтқанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңдарды іске асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалды.