ОСК Қанат Есжановты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады

АНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қанат Есжановты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады.

ОСК Қанат Есжановты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады

Айта кетейік, Президенттік сайлауға қатысуға үміткер ретінде ОСК-ға өтініш берген Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз азамат Қанат Есжанов кеше Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияның сынына өтпей қалған болатын.

ОСК-ның бүгінгі отырысында осы мәселеге байланысты баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, Қ.Есжановтың Президенттік сайлауға қатысу үшін ОСК-ға өткізген өтініші мен құжаттары Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексеру үшін құзырлы органға жіберілген. «Қазіргі таңда қажетті материалдардың барлығы тексеріліп бітті және сайлауға қатысушы үміткердің барлық заң талаптарына сәйкестігі анықталды. Алайда үміткер Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өтпей қалды. Сондықтан Қ.Есжановты Президенттікке үміткер ретінде Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сай емес деп тауып, оны Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдауды ұсынамын»,- деді комиссия хатшысы.

Ал отырыс барысында Қ.Есжановтың емтихан жұмысының нәтижелерімен таныстырған Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия мүшесі Шерубай Құрманбайұлының сөзінше, Қ.Есжанов өзге кандидаттар сияқты емтиханды 3 деңгей бойынша тапсырды. «Ол алдымен «Тәуелсіздік белестері» деген тақырыпқа шығарма жазып, қосымша уақыт сұрады. Біз белгіленген тәртіп бойынша тағы 30 минут қосып бердік. Осылайша 1 сағат 30 минутта үміткер 2 беттен асатын шығарма жазды. Шығармада стильдік, емлелік және тыныс белгілері бойынша қателер өте көп болды. Жалпы қаталер саны - 36. Жазу барысында ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін көп қолданды. Яғни жазбаша стиль қалыптаспаған. Екінші ауызша мәтінді оқу тапсырмасынан Абайдың қара сөздері тақырыбын таңдады. Бірақ ол Абайдың қара сөздерін ежелеп, қатты қиналып оқыды. Ондағы көне сөздерді дұрыс айта алмады. Оның үстіне өзінің оқыған тақырыбының мағынасын да түсінбеді. Үшінші сынақ бойынша оған «Қазақстан спорты белестен, белеске» деген тақырыпты түсті. Алайда ол бұл тақырып туралы мәліметтерінің тарлығын айтып, басқа тақырып сұрады. Бірақ заң бойынша біз ондай жеңілдік жасай алмайтынымызды айтып, осы тақырыпқа дайындалуға уақыт бердік. Үміткер спорт тақырыбы бойынша 15 минуттың орнына 6 минут қана сөйлеп, өзінің ойын еркін жеткізе алмады. Оның үстіне орыс тіліндегі сөздерді араластырып сөйледі. Осылардың бәрін ескере келе лингвистикалық комиссия Қ.Есжанов мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытындыға келді», - деді комиссия мүшесі.

ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың сөзіне қарағанда, бүгінгі отырысқа емтихан тапсыра алмаған үміткердің өзі де шақырылған. Алайда ол отырысқа келмей қалған.