ОСК: Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауына 895 кандидат ұсынылды

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазіргі жағдай бойынша Қазақстанда әкімдерді сайлауға қатысты 895 кандидат ұсынылды.
None
None

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг барысында ОСК баспасөз хатшысы Венера Жексембекова мәлім етті.

Еске салайық, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кенттер әкімдеріне кандидаттарды аудан әкімі халықпен консультациялардан кейін, жұртшылықтың пікірін ескере отырып ұсынатын болады және кандидаттарды ұсыну балама негізде жүзеге асады.

«Осы уақытқа дейін ел өңірлерінде осындай мыңнан астам кездесу ұйымдастырылып, олар сындарлы және іскерлік жағдайда өтті. Кездесулердің нәтижесіне орай, аумақтық сайлау комиссиялардан келіп түскен деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта 895 кандидат ұсынылған», - дейді В. Жексембекова.

Тоқтала кетейік, ауыл әкімдеріне жасы 25-ке толған, «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР заңында қойылған талаптарға сәйкес келетін, белсенді сайлау құқығына ие, жоғары білімі бар және тиісті облыстың аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары кандидат бола алады.

«Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан кандидаттарды ұсыну сайлау күніне 25 күн қалғанда аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу сайлау күніне 15 күн қалғанда бітеді. Бұдан бөлек, сайлау алдындағы үгіт жұмыстары сайлауға 15 күн қалғанда басталып, сайлауға бір күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 12-де аяқталады», - деді ОСК баспасөз хатшысы.

Еске салайық, ауыл әкімдерін сайлау тиісті аудандық немесе қалалық мәслихаттар отырыстарында өтетін болады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум