ОСК кезектен тыс Президент сайлауына байқаушылардан өтініш қабылдауды бүгін аяқтайды

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың барысына бақылау жасау үшін келген тағы 92 байқаушыны тіркеді.

ОСК кезектен тыс Президент сайлауына байқаушылардан өтініш қабылдауды  бүгін аяқтайды

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отрысында осы мәселеге байланысты баяндама жасаған ОСК мүшесі Татьяна Охлапкованың айтуынша, қазірде елімізде тіркелген байқаушылардың жалпы саны 1 мың 52-ні құрап отыр. Олардың 357-і Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқақтары жөніндегі бюросынан. Ал Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан - 425, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясынан - 13, бес халықаралық ұйымнан -111 адам, 24 шет мемлекеттен -156 байқаушы тіркелген.

«Сайлау туралы» Заңның талаптарына сәйкес, халықаралық байқаушыларға берілген құқықты еліміздің Сыртқы істер министрлігінде тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де пайдалана алады. Бүгінгі күнге дейін Сыртқы істер министрлігінің жанында 90 шетелдік ақпарат құралының өкілі тіркелді. Осы ретте айта кететін мәселе, ОСК шетелдік байқаушылардан өтініш қабылдауды бүгін аяқтайтын болса, Сыртқы істер министрлігінің шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тіркеу мерзімі шектелмеген»,-деді Т.Охлапкова.