ОСК Мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындысын 22 қаңтардан кешіктірмеуі тиіс

  АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ертең Қазақстан халқы өздері Парламент Мәжілісінен көргісі келетін саяси партияларға дауыс береді.

ОСК Мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындысын 22 қаңтардан кешіктірмеуі тиіс

Дауыс беру шарасы таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) төрағасының орынбасары Владимир Фоос шетелдік журналистерге арнап өткізген брифингте мәлім етті.

Оның айтуынша, дауыс беру шарасы барысында «Есептен шығару» куәліктері пайдаланылады. Куәліктерді беру 15 қаңтар күні кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. «Бұл куәліктер жолда келе жатқан сайлаушылардың кез-келген сайлау учаскесінен дауыс беруіне мүмкіндік жасайды. Дауыс беру күні барлық байқаушыларға сайлау барысын ешқандай кедергісіз бағалауға жағдай жасалады. Берілген дауыстарды санау шарасын сайлау комиссияларының өкілдері жүзеге асырады», - деді В.Фоос.

Сондай-ақ оның сөзінше, сайлау заңнамаларына сәйкес, ОСК аймақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде 22 қаңтардан кешіктірмей, Мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындысын шығарып, тиісті қаулы қабылдайды. «Саяси партиялар тізімінің негізінде сайланатын Мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындылары жөніндегі мәліметтер биылғы жылдың 25 қаңтарынан кешіктірілмей жариялануы тиіс», - деді ОСК төрағасының орынбасары.