ОСК: Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары үшін дауыс беруде белсенділігі ең төмен аймақ - Алматы қаласы
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін, сағат 16.00-дегі мәліметтер бойынша, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары үшін дауыс беруде ең төменгі белсенділік - Алматы қаласында. Шаһарда сайлаушылардың небәрі 21,9 пайызы ғана дауыс берген.
Аталмыш мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова жария етті.
Ол келтірген деректер бойынша, дауыс беру жағынан ең белсенді аймақ Алматы облысы болып отыр. Бұл өңірде сағат 16.00-дегі мәліметтер бойынша, сайлаушылардың 84,5 пайызы дауыс берген.
Ал елордада сайлаушылардың 30,5 пайызы, Ақмола облысында 74,6 пайызы, Ақтөбе облысында 63,7 пайызы, Атырау облысында 80,3 пайызы, Шығыс Қазақстан облысында 71,5 пайызы, Жамбыл облысында 70,8 пайызы дауыс берген. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында тұрғындардың 67,7 пайызы, Қарағанды облысында - 65,4, Қостанай облысында - 84,2, Қызылорда облысында - 79,6, Маңғыстау облысында - 60,4, Павлодар облысында - 67,8 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында - 78,3 және Оңтүстік Қазақстан облысында 75,7 пайызы өз таңдауларын жасады.
Осылайша, сағат 16.00-ге дейін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауында Қазақстан электоратының 6 миллион 223 мың 525-і дауыс берді. «Бұл елдегі жалпы сайлаушылардың 66,9 пайызы»,-деді ОСК мүшесі.