ОСК-ның аймақтық комиссиялары референдумды қолдауға қойылған 194 мың жарамсыз қолды анықтады
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Орталық сайлау комиссиясының аймақтық комиссиялары референдумды қолдауға қойылған 194 мың жарамсыз қолды анықтады.
Бұл туралы бүгін Астанада аталған комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, референдумды қолдап қолын қойған азаматтар тұрғылықты жерінде тіркелуі тиіс. Алайда бірқатар азаматтардың қол қойылған өңірде тіркелмеуіне байланысты олар есепке алынбаған. Қол жинау барысында бірқатар техникалық қателіктерге де жол берілген. Яғни, қол қою парағын толтыру барысында аты-жөнін, туған жылын, айын, күнін көрсету кезінде қателіктер кеткен. Сондай-ақ бір тұлғаның бірнеше рет қол қою парағын толтыруы, азаматтардың өз отбасы мүшелерінің атынан қол қоюы сынды деректер кездескен.
«Қол жинау кезінде Орталық сайлау комиссиясына референдум туралы заңнама талаптарын бұзу фактілері бойынша арыздар мен шағымдар түскен жоқ», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Ел азаматтары қолдарының растығын анықтауға ОСК-ның аймақтық комиссияларының 80 мыңға жуық қызметкерлері тартылған.