ОСК-ның азаматтардың қолдарының растығын тексеру нәтижелері туралы қорытынды хаттамасы Елбасыға жолданады
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Орталық сайлау комиссиясының Елбасы өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды қолдаған 5 млн. 16 мың азаматтың қолдарының растығын тексеру нәтижелері туралы қорытынды хаттамасы Мемлекет басшысына жолданады. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 16-бабының 2-тармағына сәйкес, республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс пен ОСК-ның азаматтардың қолдарының растығын тексеру нәтижелері туралы қорытынды хаттамасы Қазақстан Республикасының Президентіне жолданатын болады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аталған құжат 1-2 күннің ішінде Мемлекет басшысына жіберілмек.
Сондай-ақ Қ.Тұрғанқұловтың айтуына қарағанда, Орталық сайлау комиссиясы қол қою парақтарын және азаматтардың қолдарын жинау нәтижелері бойынша қорытынды хаттамаларды сақтау тәртібі мен мерзімдері туралы қаулы да қабылдады.