ОСК Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысын сайлау өткен күннің ертесінде-ақ шығармақ
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысы сайлау өткен күннің ертесіне шығады.
Бұл туралы бүгін Ислам ынтымақтастығы ұйымы делегациясының өкілдерімен кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос айтты.
Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындысын 22 қаңтарға қарай шығарып, қорытындыны 25-іне дейін жариялауы тиіс болатын.
«Алайда біз Мәжіліс депутаттарының қызметтеріне жеделдетіп кірісулерін қамтамасыз ету үшін қорытындыны мүмкіндігінше қысқа мерзімде шығаруға тырысамыз. Сондықтан сайлаудың алдын ала қорытындыларын біз сайлау өткен күннің ертеңіне шығарамыз», - деді ОСК төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол кездесу барысында халықаралық ұйым өкілдерін елде өтетін сайлау науқанының барысымен және дайындық жұмыстарымен таныстырды.