ОСК Президенттікке кандидат Ғ.Қасымов пен М.Елеусізовке куәліктер тапсырды
АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген сенатор Ғани Қасымов пен «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізовке Президенттікке кандидаттығын растайтын куәліктер тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына барлығы 4 кандидат қатысатын болады. Олар: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның Халықтық Коммунистік партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков, сенатор Ғани Қасымов пен «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов. Бүгін кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бұл науқан 1 сәуір күнгі түнгі сағат 24-00-ге дейін жалғасатын болады.