ОСК: Президенттіктен үміткер Ғани Қасымов мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырды
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуір күні өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырған Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов мемлекеттік тілден емтиханды сәтті тапсырды.
Бүгін үміткер Ғани Қасымовтан емтихан алған Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия өкілдері осындай шешімге келді.
Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Ғ.Қасымов емтиханның бірінші талабы бойынша «Кең байтақ жерім бар» атты тақырыпта шығарма жазды. «Екі бет жазба жұмысында бірқатар кемшіліктер болды. Атап айтқанда, емле қатесі -3, тыныс белгілерінен кеткен қате - 5, стильдік қате - 2. Барлығы 10 қате. Бірақ үміткердің сөйлем құрауы қарапайым. Ойын анық жеткізген және тақырыпты ашқан. Екінші талап бойынша ол Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқыды. Жалпы жаман емес. Дегенмен кейбір дыбыстарды шатастыратыны байқалды. Ал үшінші талап бойынша «Еңбек пен талап» тақырыбында сөйледі. Үміткердің сөздері қарапайым. Дегенмен әдеби тілдің өлшемін үнемі сақтай бермейтіндігі байқалды. Бірақ еңбектің, талаптың не екенін ашып, жақсы әңгімелеп берді. Осылардың барлығын ескере келе, үміткер Ғ.Қасымов мемлекеттік тілді меңгерген деген шешімге келдік»,- деді М.Жолдасбеков.