ОСК: республика бойынша 87 адам сенаторлықтан үміткер

АСТАНА. 7 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 19 тамыз күні өтетін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға барлығы 87 адам өз кандидатурасын ұсынып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

ОСК: республика бойынша 87 адам сенаторлықтан үміткер

Олардың ішінде ең көп ұсынылған кандидаттар саны Жамбыл облысында тіркелген. Аталмыш облыстан 9 адам ұсынылып отыр. Алайда қазіргі уақытта ол үміткерлердің үшеуі ғана ОСК тіркеуінен өтті.

Төрағаның атап өткеніндей, 15 адамды мәслихаттар ұсынған, тағы 72 адам өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, Сенат депутаттарының сайлауына 4 әйел азамат кандидатураларын ұсынған. 86 үміткердің 9-ы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қазіргі депутаттары болып табылады.

Сонымен қатар ұсынылған кандидаттардың 42-сі - «Нұр Отан» партиясының мүшелері. «Ақ жол», «Ауыл», «Руханият» партиялары мен Қазақстанның патриоттар партиясынан бір-бір кандидаттан ұсынылған. 17 адам өздерінің партияға қатыстылығын көрсетпеген. 24 үміткер болса, еліміздің ешбір партиясында жоқ. Қазіргі сәтте Сенат депутаттығына 54 кандидат тіркелді.

«ОСК-ның күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттарды ұсыну 19 шілдеге дейін жүреді», - деп атап көрсетті Қ. Тұрғанқұлов.