ОСК сайлау күні сайлаушылардың дауыс беру нәтижелері туралы мәліметтерді әр 2 сағат сайын жариялап отырады

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен аталмыш комиссия мүшелері 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауының байқаушыларымен кездесті.

ОСК сайлау күні сайлаушылардың дауыс беру нәтижелері туралы мәліметтерді әр 2 сағат сайын жариялап отырады

Кездесу барысында ОСК төрағасы оларды кезектен тыс сайлауға әзірліктің барысымен таныстырды. Сондай-ақ Қ.Тұрғанқұлов байқаушыларға кезектен тыс сайлаудың ерекшеліктері жөнінде баяндап, дауыс беру күні атқарылуы тиіс мәселелер жөнінде хабардар етті. «Мемлекетте өткен әрбір сайлау сол елдің сайлау заңнамаларына тиісті өзгеріс енгізіп отырады. Сондықтан байқаушылармен бірге жұмыс істеу, олардың ұсыныс, пікірлерін тыңдау - біз үшін қашан да құрмет. Сіздердің біздің атқарған істерімізге берген бағаларыңыз жақсы қолдау болатынына сенімдімін», - деді Қ.Тұрғанқұлов.

ОСК төрағасының сөзіне қарағанда, дауыс беру шарасы азандағы 7-00-ден басталып, кешкі 20-00-ге дейін жалғасады. Бұдан соң таңғы сағат 10-30-дан бастап, ОСК мүшелері сайлаушылардың дауыс беру нәтижелерін әрбір 2 сағат сайын жариялап отырады. «Сондай-ақ біз сәуірдің 4-і күні түске дейін дауыс беру нәтижелеріне байланысты алдын ал қорытынды мәліметтерді жариялаймыз. Одан әрі өзге де рәсімдер жалғасады»,- деді ОСК төрағасы.