ОСК сайлау үрдісіне қатысушылардың жауапкершілігін еске салды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау үрдісіне қатысушылардың жауапкершілігі жөнінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Бақыт Мелдешов хабарлады.
Ол сайлау науқаны басталғалы сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша ОСК ауқымды жұмыс жүргізгенін айтты.
«Азаматтар азаматтардың өздерінің саяси құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтірген жағдайда, сайлау комиссияларының жұмысына заңсыз араласса, дауыс беру құпиясын бұзса, дауыс беруге кедергі келтірсе, дауыс беру нәтижесін қорытындылап, дауысты есептеу міндетін орындауға бөгет болса, жауапкершілікке тартылады», - деді Б.Мелдешов ҚР ОСК отырысында.
Бұқаралық ақпарат құралдарында президенттікке кандидаттың абыройына немесе іскерлік беделіне нұсқан келтіретін ақпарат таралғанда, сонымен қатар оның келісімінсіз суреті жария етілгенде азаматтық құқықтық жауапкершілік туындайды.
«Азаматтар анонимді үгіт материалдарын және нақты деректері жоқ үгіт материалдарын дайындағанда немесе таратқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, аталған материалдарды шығарған ұйым жайында, олардың басылған жері, таралымы, тапсырыс берген тұлға, басып шығаруға қанша қаржы жұмсалғаны туралы ақпарат болмаса, үгіт материалдарын қасақана бүлдірсе, нұқсан келтірсе, меншік иесінің келісімінсіз ғимараттарға, құрылғыларға, сонымен бірге тарихи, мәдени немес сәулеттік құндылығы бар ескерткіштерге, ғимараттар мен құрылғыларға орналастырса, жауапкершілік жүктеледі», - деді ОСК хатшысы.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, кандидаттарға қаржылай көмек кандидаттың жазбаша келісімінсіз сайлауалды жұмыстарымен байланысты қызметтерге, сайлауалды үгіт жүргізуге кедергі келтіруге, басқа сайлаушыға дауыс беруге көрсетілсе, онда әкімшілік жауапкершілік туындайды.
«Сайлау үрдісіне қатысушыларды жауапкершілікке тарту негіздемелері Сайлау туралы Конституциялық заңның 50-ші бабында толығымен көрсетілген», - деді Б.Мелдешев.