ОСК Сенат депутаттығына кандидаттарды сайлаудан шеттететін мәселелерді атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 1 қазанда өтетін Сенат депутаттарының сайлауына арналған брифингте Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов кандидаттарды сайлаудан шеттететін бірқатар мәселелерді атап өтті.
«Жалпы Сенат депутаттарын сайлау науқаны кандидаттарды ұсыну, оларды тіркеу, үгіт-насихат жұмыстары, сосын дауыс беру секілді үдерістерден тұрады. Ал осы процестердің кез келген сатысында кандидаттар тарапынан заң бұзушылықтар орын алса, олар сайлаудан шеттетіледі. Мәселен, кандидаттарды ұсыну барысында ережелер, нормалар бұзылуы ықтимал, кандидаттың Конституцияға, конституциялық заңдарға сәйкес келмеуі де мүмкін. Ал кандидаттарды тіркеу барысында табыс пен мүлкіне қатысты ақпараттар толық немесе жеткіліксіз берілсе, оларды тіркеуден бас тартылады», - деді Б. Мелдешов.
Оның сөзіне қарағанда, мәслихаттардың өздері кандидаттарды сайлауға түсуге ұсынып, кейіннен оларды қайтадан шақыртып жатады. Үгіт-насихат кезеңінде де заң бұзшулықтар жиі орын алуы ықтимал. Сонымен қатар, сайлауға түсетін кандидаттың сайлауалды бағдарламасына да баса мән берген маңызды. «Сот арқылы мәслихат депутаттарын параға жығу фактілері анықталса, сайлауалды үгітінде басқа кандидаттың ар-намысына, іскерлік бедел абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерге барса, бұлардың бәрі сол кандидаттың сайлаудан шеттетілуіне себеп болады. Жалпы, Сенат депутаттығына кандидаттар заңнама нормаларына қайшы әрекеттерге барып жатса, олар тіркеуден алынып, сайлаудан тыс қалады», - деді Б. Мелдешов.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2014 жылғы 1 қазанға тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.