ОСК Сенат депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптарды атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы сайлауда Сенат депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар да жоғары болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«Сенатор болуға үміткер жасы 30-дан асқан, жоғары білімі бар, жұмыс стажы бес жылдан кем болмайтын, сондай-ақ соңғы 10 жыл бойы еліміздің аумағында, ал соңғы 13 жыл бойы өзі дауысқа түсетін өңірде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет. Бұл орайда бірқатар маңызды мәселелер бар. Біріншіден, Сенат депутаттығына кандидат тиісті облыстағы мәслихат депутаттарының 10 пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Екіншіден, ұсынылған кандидаттардың әрқайсысы Орталық сайлау комиссиясының арнайы шотына депозит ретінде 300 мың теңгеден кем болмайтын сайлау жарнасын енгізуі керек», - деді Қуандық Тұрғанқұлов.
Оның айтуынша, үміткер мен оның жұбайы салық органдарына өз табысы және мүлкі жайлы декларация тапсыруы тиіс.
«Облыстық және Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссиялары дауыс беру, дауыстарды санау және оның нәтижелерін жариялауды бір күн ішінде 1 қазанда жүргізеді. Сайлау нәтижелерін Орталық сайлау комиссиясы 2014 жылғы 7 қазаннан кешіктірмей белгілеуі тиіс», - деді ОСК басшысы.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2014 жылғы 1 қазанға тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.