ОСК төрағасының орынбасары мен хатшысы сайланды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының Жарлығымен Орталық сайлау комиссиясының мүшелері болып Азамат Айманакумов, Михаил Бортник, Мұхтар Ерман, Әсел Жанәбілова, Ләззат Сүйіндік және Шавхат Өтемісов тағайындалғанын атап өтті.
Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасарын, сондай-ақ Комиссия хатшысын сайлау өтті.
— Комиссия мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен ОСК Төрағасының орынбасары болып Мұхтар Ерман, ал хатшысы болып Шавхат Өтемісов сайланды, — делінген хабарламада.
Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясының алдында тұрған міндеттерді айқындап, оларды жедел әрі сапалы орындау қажеттігіне тоқталды.
Осыған дейін Құрылтай ОСК мүшелерін тағайындауға келісім бергенін жаздық.