ОСК төрағасы отставкаға кетуі мүмкін бе

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров БАҚ өкілдерінің сайлаудағы олқылықтар туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОСК төрағасы отставкаға кетуі мүмкін бе

ОСК-да өткен баспасөз маслихатында БАҚ өкілдері Нұрлан Әбдіровтен сайлау жүйесіндегі олқылықтарды жою мүмкін болмаса, отставкаға кетуі мүмкін бе екенін сұрады.

«Мен осы қызметке былтыр 25 қаңтарда келдім. Одан кейін біз 5 маусымда референдум өткіздік. Сонда референдумның аясында бізге бірнеше мың шағым түсті. Бірсыпыра дүние істеліп жатыр. Мына жерде отырған әріптестеріммен бірге бар күш-жігерімізді салып, таза, ақ ниетімізбен осы жұмысқа кірістік. Біз әрі қарай олқылықтарды жоюға бар күшімізді саламыз. Біз жабылып алып, жұмысты көрпенің астында істеп жатқанымыз жоқ.

Біріншіден, бұл қызметті мен сұрап алған жоқпын. Мен өмірде қызмет сұраған емеспін. Маған жұмысты жүктеді, қолдан келгенше адал істеуге тырысып жатырмын. Өз еркіммен бұл қызметті тастауға ешқандай негіз жоқ, арым таза», - деп жауап қайтарды Нұрлан Әбдіров тілші сауалына орай.

Еске салайық, бүгін ОСК Мәжіліс сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Оған сай, Парламенттің төменгі палатасына 6 партия өтті.