ОСК төрағасы ресейлік және украиналық БАҚ өкілдерімен кездесті
АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстанда өтетін Сенат депутаттарының сайлауын бақылау мақастында келген ресейлік және украиналық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
Кездесуде ОСК төрағасы журналистерді еліміздің сайлау заңнамалары мен Сенат депутаттарының сайлауына дайындық барысымен таныстырды. «Біз үшін Сенат депутаттарының сайлауы
өте маңызды шара. Біз ертең Парламенттің жоғарғы палатасының жартысын сайлаймыз. Жалпы жоғарғы палата 47 депутаттан тұрады. Олардың 32-ін мәслихаттар сайлайды. 15 депутатты Президент тағайындайды. Депутаттардың өкілеттігі 6 жыл»,-деді ОСК төрағасы.
Оның сөзінше, Қазақстанда бүгінде 3 мың 335 депутат бар. Ал ертең барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлаушылардың жиынында бас қосады. Бүгінде 47 депутаттың орны түрлі себептермен бос тұрғандықтан, ертеңгі жиынға 3 мың 228 депутат қатысады деп күтілуде. «Сенат депутаттығынан үміткерлер сайлаушылардың 50 пайыздан астам даусын жинағанда ғана жеңіске жеткен болып есептеледі. Сенат депутаттарының сайлау науқаны өте белсенді өтіп жатыр. Мысалы, сайлау науқаны басталғалы республика бойынша 98 үміткер тіркелді. Бұл өткен сайлаудағы көрсеткіштен 10 адамға көп»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сондай-ақ ол сөзінде сайлауда әсіресе «Нұр Отан» партиясының өкілдері ерекше белсенділік танытып отырғандығын атап көрсетті. «Сенат депутаттығынан кандидаттардың арасында «Патриоттар партиясы», «Ауыл», «Руханият», «Ақ жол» сияқты 4 партияның өкілі бар. Жалпы алғанда Сенат депутаттарының сайлауына 39 кандидат тіркелген. Қалған үміткерлер заңда көрсетілген талаптардың үддесіне шыға алмады»,-деді ОСК төрағасы.
Кездесу барысында Қ.Тұрғынқұлов шетелдік ақпарат құралдарының еліміздің сайлау заңнамасына, сайлау үдерісіне байланысты сауалдарына жауап берді.