ОСК төрағасы саяси партиялардың жауапкершілігін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлау процесіндегі жаңашылдықтарды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОСК төрағасы саяси партиялардың жауапкершілігін түсіндірді

Атап айтқанда, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен  Қоғамдық даму министрлігінің бірлескен отырысы өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, сайлау заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, олардың ішіндегі ең маңыздысы - мәслихат депутаттарының сайлауын өткізген кезінде пропорционалды сайлау жүйесіне ауысу. Бұл саяси партиялардың құқықтарын біршама кеңейтеді және жауапкершілігін күшейтеді, себебі резервті ескере отырып, мәслихат депутаттығына кандидаттардың тізімдерін қалыптастырумен саяси партиялар айналысатын болады. Бұл ретте мәслихаттар өкілеттіктерінің тұтас кезеңінде  аталмыш тізімнің заңды күші болады», - деп тоқталды ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.

Оның сөзіне қарағанда, осы нормалар алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл жерде бір маңызды жайтты атап көрсету қажет. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының жеті пайызын тек бір саяси партия алған болса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге сайлаушылардың ең көп дауысына ие болған келесі партияның партиялық тізімі де жіберіледі. Бұл тұрғыда екінші саяси партия кемінде бір мандат алады. Осылайша, қолданыстағы сайлау заңнамасы саяси партиялар арасындағы нақты бәсекелестіктің деңгейін арттыруға объективті түрде ықпал етеді. 

«Сонымен қатар, жұмыс істеп жатқан сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімінің аяқталуына жарты жылдан аз қалды. Осыған байланысты, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сай мәслихаттар саяси партиялардың ұсыныстары бойынша сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыруды бастайды. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіби негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының екі босатылған мүшесі туралы  норма күшіне енетініне назарларыңызды аударамын. Бұл өте маңызды мәселе. Сол себепті саяси партиялар және қоғамдық бірлестіктер, біріншіден, сайлау комиссияларының құрамына ұсынылатын кандидатураларды іріктеуде өте жауапты болулары тиіс. Екіншіден, партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын сайлау комиссиялары мүшелерінің тиісті біліктілік деңгейі болуы тиіс», - деп нақтылады ОСК төрағасы.

Фото: www.arnapress.kz