ОСК Уәлихан Қайсаровты Президенттікке кандидат ретінде Конституция мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сәйкес емес деп тапты
Орталық сайлау комиссиясының отырысында баяндама жасаған ОСК-ның хатшысы Бақыт Мелдешовтің айтуынша, 6 ақпан күні Уәлихан Қайсаров Орталық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсынып өтініш берді. «Біз тез арада осы өтініші мен негізгі құжаттарын тиісті мемлекеттік органдарға жіберіп, ол органдардан жауаптар алдық. Сол жауаптарға сәйкес, У.Қайсаров Әділет министрлігі берген жеке куәлігі бойынша Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. Ол 1965 жылдың 7 қазанында Қарағанды облысында туылған. ҚР Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігі ұсынған анықтамаларға сәйкес, У.Қайсаров Қазақастанда 45 жыл тұрады. Осыған қарай белсенді сайлау құқығына ие»,- деді Б.Мелдешов.
Оның айтуынша, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен келіп түскен құжатқа сай, У.Қайсаров бұрын сотталмаған. Сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне де қатысы жоқ. «Кеше аталмыш кандидат Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссиясының сынынан өте алмады. Сол себепті кандидат У.Қайсаров Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес емес деп танылды», - деді ОСК-ның хатшысы.