«Оскар» байқауының телевизиялық нұсқасын «Хабар» арнасы көрсетеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімін қазақстандықтар 29 ақпанда кешкі 23:00-де «Хабар» арнасынан көре алады.

«Оскар» байқауының телевизиялық нұсқасын «Хабар» арнасы көрсетеді

«Оскар» сыйлығын тапсыру салтанатын ұйымдастырушылар шараны бір жарым сағаттық нұсқаға дейін қысқартады және 23.00-де тура көрсетілім алдында оны трансляциялауға сигнал беретін болады.

«Жыл сайын бүкіл әлемде миллиондаған көрермен «Оскардың» Лос-Анджелестен трансляциясын бақылайды. Біз еліміздің көрермендерінде киноиндустрияның ең ауқымды іс-шарасын көру мүмкіндігі болуы үшін «Оскар» көрсетіліміне құқықтарды бірнеше жылдар қатарынан сатып алып келеміз. Қазақстандық уақыт бойынша салтанат таңертең ерте өтеді, сондықтан да біз дәстүр бойынша оны сол күні кешке көрсетеміз. Біз көрермендердің барлық тілектерін назарға алуға тырыстық және мұхиттың ар жағында болып жатқан кино мерекесінің атмосферасын жеткіземіз деп сенеміз», - деді «Хабар» телеарнасының бағдарламалық директоры Сандуғаш Рахымжанова.

Айта кету керек, алтын мүсіншелерді табыстау салтанаты Лос-Анджелесте «Долби» театрында 29 ақпан күні таңертең өтеді.

Үздік фильм санатына 8 фильм қатысуда: «Төмендету ойыны», «Тыңшылар көпірі», «Бруклин», «Есуас Макс: Жанкештілер жолы», «Марсиандық», «Жансебіл», «Бөлме», «Жұрттың назарында».

«Үздік актер» номинациясына Брайан Крэнстон («Трамбо»), Мэтт Деймон («Марсиандық»), Леонардо Ди Каприо («Жансебіл»), Майкл Фассбендер («Стив Джобс»), Эдди Редмэйн («Даниядан келген қыз») ұсынылды.

Үздік актриса атағына үміткерлер арасында Кейт Бланшетт («Кэрол»), Бри Ларсон («Бөлме»), Дженнифер Лоуренс («Джой»), Шарлотта Рэмпинг («45 жас»), Сирша Ронан («Бруклин») бар.

Осы жылы номинациялар саны бойынша Алехандро Гонсалеса Иньярритудың «Жансебіл» фильмі көшбасшы болып табылады, фильм 12 санатта ұсынылған. Номинациялар санының көптігімен көшбасшылар үштігін Джордж Миллердің «Есуас Макс» және Ридли Скоттың «Марсиандық» фильмдері тұйықтайды.

Сондай-ақ дәстүр бойынша «Хабар» бұрын «Оскар» марапатымен ерекшеленген және түрлі санаттарда номинацияланған фильмдер марафонын іске қосады. 26-28 ақпан аралығында өтетін марафон шеңберінде «Донни Браско», «Бақыт іздегендер», «Шабуылға шыққан жолбарыс, аңдып тұрған айдаһар» көрсетілетін болады.